Адамнан сұрағанның екі көзі шығады
Адамнан сұрағанның екі көзі шығады

Бірде Сүлеймен Пайғамбар жолда келе жатып, қажыған бір қартты кездестіреді.

Қарт Сүлейменге: «Менің халімды көріп тұрсаң, маған жәрдем бер!» - деп өтінеді. Сүлеймен пайғамбар оған құнды бір тас беріп: «Осы ұрпағыңа жетеді», - дейді. Қария жолда тасты лақтырып, қағып алып, ермек қылып қуанып келе жатса, аспаннан бір құс аузына қағып алып кетеді. Шал өкініштен опық жеп қалады. Ертесі күні Сүлейменді тағы кездестіріп өтініп сұрайды. Ол қарияның қолын қайтармайды. Қария тасты қолына қысып ұстап келе жатса, алдынан үлкен өзен шығады. Өзеннен өтпек болған қарт суға батып кете жаздап, тал қармаймын деп, тастан тағы да айырылып қалады. Үшінші күні Сүлейменді кездестірген қарт: «Ер кезегі үшке дейін. Мен тасты сақтай алмадым. Тағы берсең», - деп өтінеді. Сүлейменде құнды тастан тағы береді.  Қария тасты сәлдесінің арасына орап, аман-есен етіп үйіне апарады. Үйіне барса, кемпірі жоқ екен. Тасты ешкімнің қолы жетпесін деп жоғары бір жерге қойып, кемпіріне қуанышты хабарды жеткізуге кетеді. Сол арада көршісі бір зат сұрай үйге келеді. Әлгі жарқылдаған тасты көріп, мыналар байыйын депті деп, тасты ұрлап алады. Кемпірін ертіп, қуанып келген қарт тастың жоғын көріп, тағы да опық жейді.

 Сүлеймен пайғамбарға келіп, бар наласын айтады. Сонда Сүлеймен Пайғамбар: «Мен де бір пендемін. Қолдан келген көмегімді аямадым, бірақ ризық беруші - бір Алла! Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады! - деген мәндегі насихатын айтады.

 Ақсақал болса, Сүлеймен пайғамбардың үйінен шығысымен мешітке барып, қолын жайып, Алладан ризығын арттыруын сұрап, үйіне оралады. Жолда балық сатып алып, кемпірінен пісіруін өтініп, өзі үйінің алдындағы ағашқа өрмелеп шығады. Ағашқа құстар  ұя салған екен. Міне, ғажап. Ұяда  екі жұмыртқа, бір жарқылдан гауһар тас тұр. Қуанғанынан ұрыны таптым деп айқай салады. Оның айқайын естіген көршісі өзін біліп қойды деп ойлап, жаман ниеті болмағанын айтып, тасты әкеліп береді. Сол мезетте кемпірі де балықтың ішінен асыл тас шыққанын айтып, қуанышымен бөліседі.

Бұл ғибратты оқиғадан кез келген істе Аллаға дұға ету керектігін түсінеміз. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде (186 - аят): «(Мұхаммед) құлдарым сенен мен жайында сұраса, мен оларға өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл ететінімді айт»,- деп бұйырған екен.

 

 

 

Terekti Meshiti  -Terekti Meshiti -
7 лет назад 11788
0 комментариев
О блоге